30 қазан күні Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Тарбағатай ауданының мәдени күндері өтті.
Көрермендер назарына ұлттық мәдениеттің байлығын және туған өлкенің өнеріндегі өзіндік ерекшеліктерді көрсететін мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерпаздар әсем әндер шырқап, күмбірлеген күйлер орындап, түрлі шығармашылық нөмірлерімен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар, облыстық филармонияның фойесінде қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Тарбағатай: тамыры – тарихта, тұғыры – бүгін, бағыты –болашақта» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеде қолөнер шеберлерінің туындылары, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, Тарбағатай ауданының бай тарихи-мәдени мұрасын, тарихын, өзіндік дәстүрлері мен шығармашылық жетістіктерін таныстыратын түрлі жәдігерлер мен экспозициялар ұсынылды.
Мәдени шара көрермендерге Тарбағатай ауданының тарихы мен өзіндік мәдениетін жақынырақ танып-білуге мүмкіндік беріп, туған жердің мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.